КОЛЛЕДЖ ТУРАЛЫ

«Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжі

2006 жылы ашылған «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжі бүгінгі таңда елімізге аса қажетті болған 0301000-«Емдеу ісі», 0301013-«Фельдшер», 0301023-«Акушер», 0302000 «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат  мамандарын дайындайды.

Колледж он екі жыл ішінде 2893 орта буынды медицина мамандарын даярлап шығарды. Соның ішінде 720 түлек ЖОО түсіп, 1022 түлек республикамыздың көптеген облыстарында жұмысқа орналасып, өздерінің біліктіліктерімен елге танылуда. Колледжде 80-нен астам оқытушы-профессорлар, атап айтқанда, 3 м.ғ.д., профессор, 2 м.ғ.к., 1 Ph.D, 8 магистр, 21-жоғары, 20-бірінші санаттағы оқытушы-дәрігерлер шығыс медицинасының білікті мамандары студенттерге білім беруде.

Қазіргі заман талабына сай жаңа 3 қабатты оқу ғимараты, 130 орындық жатақхана,  280 орындық Мәдениет үйі мен спорт зал, білім мен тәжірибені ұштастыруға толық мүмкіндігі бар «Виртуальды клиника» қолданысқа берілді. Клиникада Менторлық Институт ашылып, оқу үдерісінде симуляциялық оқыту енгізілді. Студенттердің клиникаға дейінгі дайындығы арнайы Виртуалды клиникада жүргізіледі.  Колледждің клиникалары «Санитас» емдеу-сауықтыру орталығы мен «Жан дауа» медициналық остеопатиялық орталығы қала тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде. 2009 жылы колледж, «Санитас» және «Жан дауа» клиникалары «Джи-Ай» білім беру және сауықтыру холдингінің құрамына енді («Джи Ай» — аббревиатура GI ағыл. Good intention қаз.«Ізгі ниетпен»).

Оқу ордасы республикамыздағы медицина колледждерінің арасында дербес клиникасы бар бірден-бір оқу орны. Сондай-ақ, елімізде алғашқы болып «Медициналық реабилитологиядағы массаж» пәні бойынша оқу-тәжірибе сабақтарын жүргізіп, мемлекеттік үлгідегі дипломға қосып, қосымша мамандықтар куәлігін берумен ерекшеленді. Кәсіби білім мен  шығыс медицинасын игеру біздің түлектерді жұмыссыздықтан сақтаудың бірден-бір тәсілі.

Колледж 2014 жылы 27 қазанда ҚРДСӘДМ №718 бұйрығы негізінде Мемлекеттік аттестациядан өтті.

2015 жылдан бастап колледжде әлеуметтік серіктестік шеңберінде дуальды оқыту жүйесі енгізілді. Дуальды оқыту жүйесін енгізу колледждің стратегиялық жоспарындағы  маңызды мәселелердің бірі болып тұр. Бүгінде колледж осы салада біраз қарқынды жұмыстарды жоспарлап, жүзеге асырып, колледждің негізгі клиникалық базасы  «Санитас» ЕСО, «Жан Дауа» остеопатиялық медицина орталығы және Жаңақорған шипажайы АҚ аудандық медициналық мекемелермен  ынтымақтастық туралы шарттар жасады.

Республикамызда Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасы жасалды. Осыған орай «Түркістан» көпсалалы медицина колледжі 2016 жылы Финляндия мемлекетінің Jamk және Lahti Университеттерімен қолданбалы бакалавриат мамандарын дайындауда меморандум құрды

2016 жылдың 29 тамыз күні  колледж «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжі болып атауын өзгертіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Оңтүстік Қазақстан облысының Білім саласындағы бақылау департаментінен «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат мамандарын дайындауға арналған лицензиясын иеленді.

2017-2018 оқу жылынан бастап колледжде «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «Қолданбалы бакалавр» мамандарын даярлау бөлімі ашылды. Халықаралық деңгейде оқытудың алғашқы баспалдағынан өткен «Түркістан» көпсалалы медицина колледжі осы жылы аймақтық колледждер арасында «Үздік колледж» атанды.

2016 жылы 6 желтоқсанда«Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжі өзін-өзі бағалау бойынша аккредиттеуден сәтті өтті. Аккредиттеу нәтижесі бойынша институционалдық аккредиттеу және мамандандырылған аккредиттеу сертификаттарына ие болды.

2017 жылы Желілік технологияны қамтамасыз ету үшін ақпараттық — білім порталына негізделген  Moodle қашықтықтан оқыту жүйесін енгізуді қолға алды.

2017 жылы 6 маусымда «Сапа менеджменті жүйелері. Талаптар» бойынша коледж ҚР СТ ИСО 9001-2009 сапа саласындағы сертификациядан (№0068923) өтті.

Бұған дейін «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжінің клиникалық базасы саналатын «Санитас» емдеу-сауықтыру орталығы(ЕСО) 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, өркениетті елдерде өріс алған тәсіл бойынша, қала тұрғындарына дәрігерлік және мейірбикелік қызмет көрсетуде еліміз бойынша пилоттық жобамен істейтін үш мекеменің қатарына кірді және «Санитас» емханасы мемлекеттік үлгіде іске қосылды. Бұл жоба бойынша тұрғындарға көрсетілетін тегін медициналық қызмет тек емхана қабырғасында ғана болып қоймай, жүйелі түрде «САНИТАС» емханасына тіркелген 8500 отбасыға арнайы  барып белсенді медициналық жәрдем көрсетеді. «Санитас» ЕСО бұған дейін күндізгі және ақылы бөлімде халыққа қызмет көрсетіп келген еді, қазір порталға тіркеліп, тәуліктік ем алуға мүмкіндік туып отыр.

2017-2018 оқу жылында «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжі талапкерлерді дифференциалды іріктеуде пилоттық жобаны іске асыруға қатысты. «Медициналық білімді жаңғырту» жобасы бойынша «Тәжірибелік денсаулық сақтау ұжымдарында мейіргерлік қызметтің жаңа басқару жүйесін әзірлеу және енгізу» тармағына сәйкес пилоттық жобамен жұмыс жасауда.

Еліміздің Көкшетау қаласында өткен «ЮНИСЕФ-тің ерте жастағы дамуының модульдерін Қазақстан Республикасының жоғары медициналық колледждерінің білім беру бағдарламаларында жалпыға бірдей прогрессивті үлгідегі мейіргерлерді оқыту, жүкті әйелдер мен жасөспірімдерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейінде қамқорлық жасау» тақырыбында өткен оқыту курсына колледждің оқытушылары жаппай қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Бұл дегеніміз, мейіргерлерге арналған оқытудың жаңа 14 модулі бойынша колледж оқытушылары дәріс беруге дайын екенін көрсетеді.

Халықаралық ынтымақтастықта 2017-2018 оқу жылында JAMK Университеті мен Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бірлескен «Мейіргер ісі»  мамандығы бойынша тығыз байланыс орнатып, колледжіміздің оқытушысы Абдужаппарова Ақбота магистратураға оқуға қабылданды. Оқу ордасының әрбір жаңалықтары колледж ұжымының білім мен ғылымдағы алға ілгерілеуі болмақ.

 

«Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжі – бала шағынан болашағына ұмтылған жастардың ертеңіне жол сілтейді!